Ivan Martinovitsj Ladoesjkin
Quick Facts
Biography
Иван Мартынович Ладушкин(22.10.1922, Ресей, Алтай өлкесі, Мамонтов ауданы, Корчино селосы - 16.3.1945, Ресей, Калининград облысы, Ладушкин қаласы) -2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, лейтенант, танк ротасының командирі,орыс. Соғыстан бұрын Іле ауданындағы «Қызылту-3» ұжымшарында есепші болып жұмыс істеді. Кеңес әскері қатарына 1941 жылы сәуірде шақырылып, қатардағы әскерден танк ротасының командиріне дейін көтерілді. Ол жауға қарсы ерлікпен шайқасты. Оның әскери таланты мен жауынгерлік мінез - құлқы 1945 жылы ақпан-наурыз айларындағы Шығыс Пруссияда болған ауыр ұрыстарда байқалды. Басты бекіністердің бірі Дойтше-Тирау маңында (Калининград облысы, Мамонтов ауданы) Кеңес әскерлері таңғы сағат 5-те шабуыл жасады. Ладушкин ротасына шабуыл жасаушы жаяу әскерлерге қолдау көрсету бұйырылды. Ладушкин ротасы қалаға кіре берістегі дөңесте орналасқан жау қорғанысын (4 батареясын) және орман ішінде жасырынған өздігінен жүретін 9 зеңбіректің күлін көкке ұшырды. Осы ұрыста жау бекінісінің екінші қатарына беттеген Ладушкин танкісінің іші түтін орағанын байқады. Ол есін жиғанда қасындағы әскерлердің оққа ұшқанын көрді. Жанып жатқан машинадан шықты да, жақын келе жатқан «34»-танкіге мініп, оның экипажымен өзінің дағдылы ісіне кірісті. Танкішілер тағы да ұрыс бастады. Қаланың шеткі көшелерінде келе жатқан танкіні бронды снаряд тесіп, экипаж қаза тапты. Қорғаныс министрінің бұйрығымен танк бригадасы 1-ротасының тізіміне Ладушкиннің есімі мәңгілікке жазылды. Ерлігі мен табандылығы үшін Ладушкинге КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (29.6.1945). Ресейдің Калининград облысында Ладушкин атты шағын қала бар. Оның орталық алаңында Ладушкиннің ескерткіші орнатылған.
Дереккөздер
- ↑ А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х