Ardu
Quick Facts
Biography
Арду , Арда (т.ж.б. — 19 ғ-дың 30-жылдарының соңы) — Әбілғазы ханның (Әбілғазы ІІІ) баласы, Қайып ханның немересі.
Сырдарияның төменгі алабында, Қуаңдария мен Жаңадария атырабындағы әлімұлы руларына билік жүргізген (1828 — 36). 1815 жылдан ағасы Арынғазының Сырдарияның оңт.-батыс бөлігіндегі қазақтарға хан болып жариялануына байланысты шаруаларға араласқан (қ. Арынғазы сұлтан қозғалысы). Үш жылдан кейін ағайынды Арынғазы мен Серғазы Қайыпұлының арасындағы ұрыс-керіске Хиуа ханы Мұхаммед-Рақым араласып, Серғазыға Кіші жүз ханы деген пәрмен берілді. 1818 ж. А. Шекті руы старшындарының тапсырмасымен Серғазыны хан ретінде тани алмайтындарын айту үшін Хиуа ханына келді. Мұхаммед-Рақым оны тұтқынға алып, өзінің қасында 10 жыл бойы аманатта ұстады. Хиуаның жаңа ханы Аллақұлы (1826 — 42) қазақ сұлтанын 1829 ж. еліне қайтарды. Әлімұлы старшындарының ұйғарымымен патша үкіметі Калуга қ-на жер аударған ағасы Арынғазы оралғанша осы тайпалық бірлестік руларына хан болып жарияланды. 1829 ж. Орынбор ген.-губернаторы П.К. Эссен Ардуға Орынбордың орт. бөлігі қазақтарының бастығы болуды ұсынды. Бірақ Ресей өкімет орындарының ағасы Арынғазыны тұтқыннан босатпауына байланысты ол бұл ұсынысты қабыл алмайды, сөйтіп Орынборға бармайды. Бір жылдан соң А. Хиуа бодандығын қабылдап, Аллақұлының жарлығымен Сырдария бойының ханы болып тағайындалды. Осы кезден бастап ол Ресей бодандығындағы қазақ сұлтандары мен старшындарына қарасты ауылдарға шабуылдар ұйымдастырды, Ресей мен Бұхараның сауда керуендерін тонаушылыққа ұшыратты. 19 ғ-дың 30-жылдарының аяқ кезінен А. туралы деректер кездеспейді.
Дереккөздер
- ↑ Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х